Подписаться на RSS Подписаться на RSS

Кәсіби кадрлар тиімді мемлекеттік басқарудың негізгі факторы

Кәсіби кадрлар  тиімді мемлекеттік басқарудың негізгі факторы

 АЛМАТЫ. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Дағдарыстан соңғы дамуға беттеген тұста еліміздің дамуында мемлекеттік қызметшілердің білігі мен білімінің орны зор. Білікті, білімді маман болса, қазіргі жүргізіліп жатқан іргелі істердің оңға басқаны. Ал білімсіз, біліксіз бишік ұстаса, берекенің қашқаны. Бұл Елбасы тарапынан да жиі көтеріліп, басты назарда ұстайтын мәселенің бірі. Осы ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрмен қамтамасыз ету департаменті

 директорының орынбасары Алма Құлжамбековамен сұхбаттасқан едік.       

  - Алма Есілханқызы, Елбасы 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында, биылғы Жолдауда да мемлекеттік қызмет саласындағы «сапалы мамандар» туралы атап өткен еді. Осы бағыттағы  агенттік жұмысына тоқталып кетсеңіз?

    - Иә, Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында еліміздің даму басымдықтарының бірі ретінде кәсіби үкімет пен мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметтің тиімді жүйесін құруды атап көрсеткендіктен, уақыттың талабына жауап бере алатын, басқару саласындағы бәсекеге қабілетті кәсіби кадрларды даярлау мәселесі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жұмысының да негізгі бағыттарының бірі болып отыр.  

    Қазіргі Қазақстанның аяқ алысы нығайып, мүлдем жаңа мемлекет болуға бет алған кезеңінде бұл мәселенің маңыздылығы артуда. Елбасы өз сөзінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша шараларды жүргізу және нақты әдістеме жасау қажеттігі туралы айтқан болатын. Сондықтан, мемлекеттік қызметті тұтынушылардың мүддесі үшін мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы моделін жасау қажет. Біздің алдымызда алға басқан әлемдік тәжірибені ескеріп, қоғам алдында есеп беретін мемлекеттік аппарат корпоративті басқарма принциптерін ұстана отырып жұмыс істей білетін және бүгінгі таңдағы уақыт талабына жауап бере алатын, мемлекеттік қызметтегі бюджеттің тапшылығы мен әкімшілік шығындардың қысқартылуына қарамай, тиімді жұмыс жасай алатын кәсіби кадрларды қалыптастыру міндетінің тұрғаны баршамызға аян.

         - Бұл бағыттағы агенттік тарапынан нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?

         - Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша оқытудың түрлері мен кезеңдері, оқытуға жіберудің жүйесі анықталып, Қазақстан Республикасындағы орталық және аймақтық деңгейдегі оқытудың біртұтас стандарты енгізілді. Бұл жерде атап өту керек, ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінде белсенді түрде зерттеліп жүрген мемлекеттік қызметшілерді оқытудың жаңа моделі қолданылып отыр.

Сонымен қатар, бюджетті жоспарлауда орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерін оқытуды қаржыландырудың 2002 жылдан бері келе жатқан механизіміне Агенттіктің ұсынысы бойынша Республикалық бюджеттік комиссиясының шешімімен мемлекеттік қызметшілерді оқытуға бөлінетін қаржыландыру көлемі едәуір артты. 

      - Жалпы бүгінде мемлекеттік қызметшілерді оқыту қандай оқу орындарында  жүзеге асырылып отыр?

      - Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерді оқытудың инфрақұрылымына Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, Өңірлік мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтары, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы және басқа білім беру ұйымдары кіреді.  

     - Мемлекеттік қызмет саласында мамандар дайындауда негізгі үлес  мемлекетік басқару академиясына тиесілі. Осы оқу орнының жұмысына тоқтала кетсеңіз.

       - Иә, дұрыс айтасыз, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесіндегі басты оқу орны ғана емес, сонымен қатар басқарушылардың жаңа буынын даярлаумен айналысады.  Республикадағы мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда және жаңа үлгідегі сапалы басқарушыларды қалыптастыруда мемлекеттік басқару академиясының алар рөлі зор. Академия мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру, магистратура бағдарламасы бойынша кәсіби мамандарды даярлау және аспирантура мен докторантура бағдарламасы бойынша кадрларды ғылыми тұрғыда әзірлейтін республикамыздағы алдыңғы қатарлы білім беру орталығы болып табылады. Академиядағы магистратура бағдарламасымен  мемлекеттік органдар, сот және дипломатия салаларының кадрларын мемлекеттік және жергілікті басқару, юриспруденция, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша дайындайды. Халықаралық тағылымдама магистрлерге арналған оқу бағдарламасының негізгі бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау бағдарламасы бойынша оқыту мемлекеттік қызметке алғаш түскендер және басшы мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымына тағайындалғандарға арналып екі деңгеймен жүргізіледі. Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасымен оқыту заңгерлік, қаржы-экономикалық және әлеуметтік-саяси дисциплина блоктары бойынша үш негізгі мамандандыру бағыттарымен құрылған қысқа мерзімді мамандандырылған семинарлар түрінде өткізіледі.

Аталған академия 2005 жылдың мамыр айында Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қызмет академиясы, Жоғарғы соттың жанындағы Сот академиясы және «Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті» ГМҚК жанындағы Дипломатиялық академиясының бірігуі арқылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған. Бұл білім беру ұйымдарының қосылуы, сонымен қатар материалдық, ғылыми-әдістемелік және кадрлық ресурстардың бірігуі академияның дамуына оң ықпалын тигізді.

Уақыттың талабына сәйкес академияның қызметін жандандыру мақсатында, 2008 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академия республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып қайта ұйымдастырылды. Осының арқасында академияның аясы кеңейіп, тек мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде ғана емес, оқуға ниет білдірушілердің өз қаржыларына және басқа да қаржы көздерімен оқытуды қолға ала бастады. 

    Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау Комитетінің бұйрығына сәйкес, академия мемлекеттік аттестациядан өтті. Аталған аттестациялаудың барысында Сот төрелігі институтының 2 курс магистранттарының білімі компьютерлік тестілеу жүйесімен бағаланды. Тестілеудің нәтижесінде магистранттардың білімі 95% пайызға бағаланды. Сондай-ақ академияның тыңдаушыларының арасында жасырын түрде сауалнама жүргізіліп, олардың оқу жұмысын ұйымдастыру барысына қанағаттанатыны анықталып, академия 5 жыл мерзімге аттестацияланды деп бағаланды.

         Сонымен қатар, академия тарапынан бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында, Ханнс Зайдель Қорымен бірлесіп, жергілікті мемлекеттік басқару саласы кадрларын даярлау халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Қор Германияның Федералды Үкіметінің жанында жұмыс істейді және ГФР ішкі саясат Министрлігімен үйлестіріледі. Аймақтардағы мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған, Қордың бөлген грантының арқасында жергілікті басқару органдарынан тыңдаушылар алынды.

     - Бұдан бөлек Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі ашылғаны белгілі. Осы оқу орнының жұмысы қалай өрбуде?

      - Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің ашылғанын мемлекеттік қызметшілерді оқыту саласының тағы бір үлкен жетістігі ретінде  айтуға болады. Аталған мектеп Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес ашылғандықтан, тікелей Президенттің назарында тұр.

     Мектептің миссиясы - жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін, мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға қабілетті мемлекеттік қызметшілердің элиталық буынын және ең үздік әлемдік тәжірибеге негізделген білім беру арқылы мемлекеттік стратегиялық ойлауға, Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіргізуге қабілетті жоғары білікті мемлекетті қызметшілерді, басқарушыларды даярлау болып табылады.

       Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебімен, Сингапур Ұлттық университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен, Голландия мемлекеттік басқару (ROI: International) және Финляндия мемлекеттік саясат институттары, Сингапур мемлекеттік қызмет колледжі сияқты алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірлесіп қызмет істейтін болады.

     Ынтымақтасу аясында Ли Куан Ю атындағы Сингапур мектебі Мемлекеттік саясат мектебіне дербес брэндін және оқыту бағдарламаларын пайдалану, профессор-оқытушылар құрамын тарту мен халықаралық стандарттарға сәйкес диплом беру құқығын береді. Бұдан өзге, Мектепке Сингапур Ұлттық университетінің кітапханалық-ресурстық қорын пайдалануға мүмкіндік беріледі.

    Осы орайда, Мектептің бәсекеге қабілетті қандай артықшылығы бар деген орынды сұрақ туындайды. Сол себепті Мектептің артықшылықтарын тізбектеп атап өтуге болады. Мектеп бағдарламасының академиядағы магистратурадан ерекшелігі - Мектеп жоғары басқарушы буынның кадрларын әзірлейді, ол әлбетте  (А-1, А-2, В-1, В-2, В-3, В-4, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, Д-1, Д-О-1 санаттарындағы) әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қатарынан қалыптастырылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнамаларымен басқа құқықтық мәртебе анықталған орталық және аймақтық комитеттердің (департаменттер және инспекциялар) басшылары, басшының орынбасары қызметін атқаратын мемлекеттік қызметшілер.  «Мемлекеттік басқару және менеджмент» оқыту бағдарламасы Сингапур ұлттық университетінің жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен бірлесіп әзірленген. Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі серіктес шетелдік оқу орны болып анықталған және олармен ынтымақтастық туралы мемарандумға қол қойылған. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары кәсіптік қызметіне негізделген және басқарушының жекелеген қызмет бабын (әкім, министр) қамтиды. Онда «трилингвизм» қағидасы сақталып, оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, Мектептің түлектері бұл тілдерді тереңдетілген деңгейде білетін болады. Мектепті бітірушілер қолданбалы білімді игереді. Болашақта жақын шет елдердің басқарушы кадрларын даярлауды жоспарлап отырмыз және оқуды ұйымдастыру «екі диплом» әдісімен жүргізіледі.

       Биылғы оқу жылынан бастап Мектепке қабылдау ережелері бекітілді және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен келісілді.  Алғашқы тыңдаушыларын тиісті талаптарға сәйкес қабылдады.

      - Ал жергілікті жерлердегі мамандардың білімін жетілдіру қалай жүзеге асырылуда?

       - Жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілерді оқытуды облыс әкімдіктерінің қаулысымен құрылған Мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңiрлiк орталықтары жүзеге асырады. Олар жергiлiктi мемлекеттік органдар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнің мемлекеттік қызметшiлерiне қосымша кәсіби білім берудің бағдарламаларын, яғни қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды iске асырады. Жергiлiктi мемлекеттік басқарудың және жергiлiктi өзін-өзі басқарудың тиiмділігiн арттыруды қамтамасыз ететiн оқытудың қазiргi заманғы технологиялары мен әдiстемелерiн енгізіп, мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлаудың және олардың білiктiлiгiн арттырудың сапасын арттыруға бағытталған оқу-әдiстемелiк материалдарын әзiрлейді.

      - Шетелде білімін жетілдіру жағы ше?

      - Агенттіктің мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы негізгі бағыттарының бірі халықаралық ынтымақтастық болып табылады және бұл бағыт қосымша шетелдерде оқу мүмкіндігін бере отырып, оқытудың инфрақұрылымын кеңейтеді. Осы орайда, уақыттың талабына сәйкес Еуразия мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығы «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы болып қайта құрылғанын атап өту керек.  Бұл орталық мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан қол үзбей біліктілігін арттыруының қысқа мерзімді курсына енгізілген ғаламдық жетілдіру стратегиясының аясында оқытуды жүзеге асырады. Орталық өз жұмысында Орталық Азия аймақтары мен Кавказ елдерімен ынтымақтастықты қамтиды. Агенттіктің тарапынан шет елдерге біліктілігін арттыруға жолданатын мемлекеттік қызметшілерді іріктеу бойынша конкурс өткізу Ережесі бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнындағы өзіне жүктелген міндеттерінің аясында шет елдерде баршаға тең дәрежедегі оқудан өту мүмкіндігінің қағидалары, бәсекелестік және ашықтық механизмі анықталған.

         Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері Ұлттық орталық арқылы республикалық қаржы көздерімен халықаралық келісімдердің аясында  Қытай Халық Республикасында, Ресей Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызметшілер академиясында, Йельмен университетінде (АҚШ), Лондон Экономика және саяси ғылымдар мектебінде, Ли Куан Ю атындағы Ұлттық саясат мектебінде (Сингапур), Потсдам университетінде (Германия), Голландия мемлекеттік басқару институтінде біліктілігін арттыра алады. Жалпы, еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесі  мемлекеттік қызметшінің ынтасын оятатын ғана емес, кәсіби білімі мен дағдысын үнемі жаңалауға жағдай жасап отырған  мотивті тетік деуге болады. Мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізілген біліктілікті арттыру мәселесі мемлекеттік қызметшінің қызмет сатысында көтерілуімен үйлестірілгенін де атап өту керек.

      Елбасының Жолдауының аясында жүргізілетін Қазақстандағы әкімшілік реформалар ел өміріндегі барлық салаларды, оның ішінде мемлекеттік қызметті де қамтиды. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған қайта ұйымдастырулар қоғам алдында мемлекеттік қызметтің беделін арттырады деп үміттенеміз.

Добавить комментарий





Если выбрано, каждый раз когда кто-нибудь будет отвечать на Ваш комментарий, Вам будет отправляться e-mail с уведомлением.


Введите буквы и цифры, изображенные на картинке.